Басты жаңалықтарМереке

Сарбаздар сапта тұр!

7 мамыр — Отан қорғаушылар күні!

Былтыр жас сарбаздарды әскерге жіберуде еліміз бойынша көш бастаған Ақтөбе облысы әр аймақтардан сарбаздарды қабылдап жатыр. Қаланың ортасындағы №30238 әскери бөлімінде әскер қатарына жаңадан қабылданған  сарбаздар дайындықтан өтіп, жауынгерлік оқу-жаттығуларды бастап кетті. Қарағанды, Жамбыл, Қызылорда облыстарынан келген мерзімді әскери қызметшілер мамырдың 25-і күні ант қабылдап, Отан алдындағы борышын Ақтөбе гарнизонында өтейді.  

Әскери базадағы барлық техникалар мен қарулар жаңа. Гарнизонда мотоатқыштар батальоны, барлау шабуылдау ротасы және артиллерия батареясының жеке құрамы бар. Әскери қызметшілер өздерінің міндетін мүлтіксіз орындайды.

1-ші мотоатқыш батальонының минаатқыш батареясының командирі, аға лейтенант Мұрадым Мақсотов әскери міндеттерімен таныстырды:

Біздің негізгі міндетіміз — қорғанысқа тұрып, жаудың шабуылына тойтарыс беру. Қарудың оғы 7,200 шақырымға дейін ұшады. Қателік жіберуге болмайды. Жауынгерлер өз жұмысын жетік білуі тиіс.  Біз әрдайым  әскери мүлікті таза ұстап, сақтап, күн сайын тексеріп отырамыз. Менің батареямда 43 әскери қызметші бар. Барлығы да жігерлі жастар, — дейді ол.

Бөлім командирінің айтуынша, сарбаздар ата-анасы, туған-туысқандарымен «Ватсап» желісінде ашылған топ арқылы хабарласып отырады.

Әскери міндетпен бірге сарбаздар спортты қатар алып жүруге тырысады. Ол үшін арнайы спорт залдары жасақталған. Мұнда әркім қалаған спорт түрімен айналысуға мүмкіндік жасалған. Жастардың дені күреске қатысады. Одан басқа футбол, бокс секциялары бар. Биылғы халықаралық әскери ойындарға бұл бөлімнен 3 сержант қатыспақ.

Әскери бөлімде жас сарбаздар  жауынгерлік шеберліктің қыр-сырын меңгеруде.

Соның бірі Тараз қаласынан келген Ержан Әзілбек әскери өмірге тез бейімделгенін айтады.

Отан алдындағы борышымды Ақтөбе қаласында өтеуді қалаған едім. Сәті түскеніне қуаныштымын. Борышымызды мінсіз атқаруға еш кедергі жоқ.  Командирлеріміздің бізден күтетіні — белсенділік, оқу, тәртіп. Әскери талаптарды адал атқаруға бар күш-жігерімізді аямаймын. Бір жылдан соң осында қалып, келісімшарт бойынша әскери қызметімді жалғастырсам деген жоспарым бар, — дейді жас сарбаз.

Ал Молдашевтар отбасы  әскери өмірге әбден үйреніп кеткен. Отағасы подполковник Аман Молдашев Ақтаудағы әскери теңіз госпиталінің бастығы, ал зайыбы сержант Венера Молдашева — офицер-психолог. Әскери тәртіп пен талаптың бұлжымайтын заңына бағыну шарт: бүгінде ерлі-зайыптылардың бірі Отан алдындағы борышын Ақтауда, бірі Ақтөбеде атқарып жүр.

Әскери қызметшіге қай қалаға жіберсе де бас тартуға болмайды, тәртіпке бағынамыз. Бұл — біздің Отан алдындағы азаматтық парызымыз, борышымыз. Еңбек демалыстарында отбасымызбен біргеміз ғой. Балаларымыз да әскери тәртіпке үйренді. Таңғы 6.30-да тұрып, балаларды мектепке жіберіп, 8.00-де сапта тұрамын. Міндетіме сәйкес жас сарбаздарға көңіл бөліп, олардың әскери өмірге бейімделуін қадағалаймын, — дейді ол.

Сарбаздар аптасына 4 мәрте жауынгерлік дайындықтан өтеді. Онда 10-ға жуық әскери мамандық бар. Жыл сайын облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті арқылы келісімшарт бойынша әскери қызметке жұмысқа қабылдап отырады. Олар тегін үймен қамтылады. Әскери бөлімнің аумағында 150 пәтерлік 5 қабатты жатақхана бар.

Әскери бөлімде 700-ге жуық әскери қызметші бар. 127 сарбаз мерзімді әскери міндетін өтейді. Облыс әкімдігімен бірлесе отырып «7-20-25» бағдарламасы бойынша әскери қызметшілеріміз баспаналы болып жатыр. Былтыр 35 әскери қызметшіміз қоныстойын тойлады. Егер жалдамалы пәтерде болса, пәтерақы мен коммуналдық төлемдерді біз төлейміз. Сарбаздардың жағдайы жақсы. Бұрынғыдай асханада кезекшілік атқармайды. Барлық жұмысты арнайы фирма дайындайды. Әскери қызметшілерге де, сарбаздарға да барлық жағдай жасалған. Біздің қоятын басты талабымыз — тәртіп пен жауапкершілік, адал қызмет, — дейді №30238 әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары — бөлім бастығы, подполковник Бейімбет Құлия.

 Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button